ВЬЕТНАМДЫҚ БИЗНЕС — АЛМАТЫ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Елестетіп көріңіз: соңғы жылдары Азиядағы негізгі өндірістік алаңдардың біріне айналған ел. Электроника мен телекоммуникациядан бастап, тоқыма және өнеркәсіптік өндіріске дейінгі салалар қарқынды дамып келеді. 🇻🇳
Бұл — экономикасы белсенді өсіп, халықаралық бизнес пен инвестицияларды тартып отырған Вьетнам.
Сондықтан Алматы үшін вьетнамдық бизнеспен жаңа байланыстар орнату, қалаларды дамыту, өндіріс пен инвестиция тарту салаларындағы тәжірибе алмасу ерекше маңызды.
Алматыда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смагулов пен Ханой қаласының Халықтық кеңесі төрағасының тұрақты орынбасары Чан Тхе Кыонг бастаған Ханой делегациясы арасында кездесу өтті.
Тараптар инвестициялар, қалалық инфрақұрылым, девелопмент, туризм және өндіріс салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының Вьетнаммен тауар айналымы 651,1 млн АҚШ долларын құрап, бір жыл ішінде 4,6%-ға өсті.
Алайда ынтымақтастық әлеуеті саудамен ғана шектелмейді. Алматы вьетнамдық бизнесті қалалық жобаларды іске асыруға, өндірістерді жергіліктендіруге, бірлескен кәсіпорындар құруға және компаниялардың Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығуына тартуға мүдделі.
Сонымен қатар ынтымақтастық — тек инвестиция ғана емес. Алматы мен Ханой ірі мегаполистер ретінде ұқсас мәселелерге тап болады: қаланы қалай жайлы, заманауи әрі орнықты етуге болады? Осы тұрғыда қалалық инфрақұрылым, қоғамдық кеңістіктер, туризм, цифрлық шешімдер және қалалық ортаны дамыту бағыттарындағы тәжірибе алмасудың маңызы зор.
Біз үшін халықаралық кездесулердің нақты жобалардың бастамасына айналуы маңызды — жаңа инвестициялар, технологиялар, өндірістер мен жұмыс орындарының пайда болуы.
Ең бастысы — цифрлар, кездесулер мен келісімдердің артында бизнеске де, қалаларға да пайда әкелетін ұзақ мерзімді әріптестік тұруы.



