АЛМАТЫНЫ ДАМЫТУҒА САЛЫНАТЫН ИНВЕСТИЦИЯЛАР: НЕГІЗГІ САЛАЛАРДАҒЫ 12 ЖОБА
Алматыда технология, өндіріс және туризм салаларында жаңа бағыттар дамып келеді — LED-экрандар мен компьютерлік компоненттерден бастап құрылыс материалдары мен қонақүй жобаларына дейін.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың XV отырысы өтті. Отырыс барысында Almaty Invest басқарма төрағасы Қайрат Бекенов әкімге жалпы құны 210,3 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны таныстырды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 3 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Жобалардың қатарында құрылыс материалдарын өндіретін индустриялық парк, ауыз су мен сусындар, кондитерлік және санитарлық-гигиеналық өнімдер өндірісі, сондай-ақ цифрлық және интерактивті жабдықтарды өндіруді жергіліктендіру жобалары бар.
Әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы жобаларға да ерекше назар аударылды. Олардың қатарында 5 000 орындық KAZNU GRAD студенттік кампусы, 200 төсек-орынға арналған K-Medical смарт-ауруханасы және 600 оқушыға арналған мектеп бар.
Сонымен қатар туризм және қонақүй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар таныстырылды.
Заманауи өндіріс пен цифрлық технологиялардан бастап жаңа қонақүйлерге дейін — инвестициялар Алматының негізгі даму бағыттарын қамтиды.



