$150 МЛН — АЛМАТЫ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Almaty Invest Алматыға инвестициялар тарту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
Алматы өсіп келеді, сонымен бірге жаңа кеңістіктерге, инфрақұрылым мен сервистерге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан бүгінде қаланың ертеңгі қажеттіліктеріне жауап беретін жобаларға инвестиция тарту аса маңызды.
Осы бағыттағы жұмыс аясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруда айтарлықтай тәжірибесі бар қытайлық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті.
Қарастырылып отырған бағыттардың бірі — Алматыда инвестиция көлемі $150 млн болатын қонақүй кешенін салу.
Қонақүй инфрақұрылымын дамыту — қаланың инвестициялық күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе жаңа полицентрлер қалыптасып жатқан кезеңде қонақүйлер іскерлік, тұрғын үй, қоғамдық және коммерциялық инфрақұрылыммен қатар кешенді қалалық ортаның бір бөлігіне айналады.
Мұндай тәсіл жекелеген нысандарды ғана емес, бизнестің дамуына, қалалық ортаның қалыптасуына және Алматының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға ықпал ететін толыққанды тартылыс орталықтарын құруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Алматының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Біздің міндетіміз — Алматыға жай ғана капиталды емес, қаланың болашағына жұмыс істейтін серіктестер мен жобаларды тарту.



