ИНВЕСТОРЛАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР: АЛМАТЫДА ҚЫТАЙ БИЗНЕСІМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТI
Алматы қаласында ҚХР Бас консулдығының, Алматы қаласы прокуратурасының, Полиция департаментінің, мемлекеттік кірістер органдарының және Almaty Invest қатысуымен қытайлық инвесторлар мен компаниялардың өзекті мәселелері қаралды. Іс-шара Freedom-ның Defense Tech Hub алаңында өтті.
Әрбір өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты ведомствоаралық жұмыс жүргізіліп, одан әрі іс-қимыл алгоритмі мен жауапты мемлекеттік органдар айқындалды. Мәселелердің едәуір бөлігі кездесу барысында практикалық тұрғыдан шешілді, ал қалған өтініштер қосымша пысықтауға алынып, оларды қарау мерзімдері белгіленіп, орындалуы бақылауға алынды.
Инвесторлармен өзара іс-қимылдың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Барлық рәсімдердің түсінікті болуы, шешімдердің қолданыстағы заңнама шеңберінде қабылдануы, сондай-ақ инвесторлардың қажетті ақпаратты уақтылы алуы және туындаған мәселелерді құзыретті мемлекеттік органдармен тікелей талқылау мүмкіндігі маңызды.
Мұндай ашық диалог инвесторлардың сенімін арттырып, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға ықпал етеді.



