Инвестициялық келісім
Инвестициялар туралы келісім – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген тұлға мен заңды тұлға (оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген заңды тұлға) арасында жасалатын инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт болып табылады. Бұл келісім тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жеті жарым миллион еселенген мөлшерінен кем емес көлемде инвестиция салуды көздейді.
Заңнамада инвестициялар туралы келісімдер жасасу үшін басым қызмет түрлерінің тізбесі белгіленбеген, алайда қызметтің теріс тізбесі айқындалған. Төмендегі қызмет түрлері бойынша жобаларды іске асыру үшін инвестициялар туралы келісімдер жасалмайды.
Анықтама үшін:
есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызмет;
акцизделетін өнімді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу;
лотерея өткізу;
ойын бизнесі саласындағы қызмет;
радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызмет;
банктік қызмет (немесе жекелеген банктік операциялар) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметін қоспағанда);
аудиторлық қызмет;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет;
цифрлық майнинг саласындағы қызмет;
кредиттік бюролардың қызметі;
күзет қызметі;
азаматтық және қызметтік қару мен оған арналған оқ-дәрілердің айналымымен байланысты қызмет;
жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде старательдік қызмет;
пайдалы қазбаларды өткізу, оның ішінде трейдерлік қызмет, көмір мен мұнайды өткізу қызметі.
Инвестициялар туралы келісімде келісім жасалған сәтте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну шарттары мен тәртібі айқындалады, сондай-ақ келісім жасасқан заңды тұлғалар үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді.
Анықтама үшін:
Инвестициялар туралы келісім шеңберінде мынадай салықтардан босату көзделген:
корпоративтік табыс салығы;
жер салығы;
мүлік салығы;
арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) қатысушылары үшін қосылған құн салығынан босату;
салықтық міндеттемелерді азайту;
Келісім шарттарына сәйкес өзге де преференциялар.
Келісім жасасу үшін өтініш беруші мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз және электрондық жеткізгіштерде төмендегі құжаттарды қоса бере отырып, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына жүгінеді.
Анықтама үшін:
Инвестициялар туралы келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес өтініш;
өтініш берушінің жарғысының көшірмесі, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес инвестициялық жобаның бизнес-жоспары;
техникалық-экономикалық негіздеме;
инвестициялық жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, басшының қолымен куәландырылған құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қорытындысы (салықтар бойынша преференциялар берілген жағдайда);
лицензияланған технологияны пайдалану құқығын растайтын мәліметтер (пайдалану құқығын реттейтін келісім немесе өзге құжат).
Осы тармақтың 4), 5), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер болған жағдайда ұсынылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда инвестициялар туралы келісімнің ережелері, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан туындайтын ережелерді қоспағанда, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша келісімге өзгерістер енгізілген жағдайларды қоспағанда, ол жасалған күннен бастап жиырма бес жыл бойы күшін сақтайды.
Инвестициялар туралы келісімді жасасу рәсімі:
Инвестордың құжаттар пакетін TASK FORCE-ке ұсынуы.
TASK FORCE құжаттардың толықтығын тексереді және тіркейді.
Мерзімі: 7 жұмыс күніне дейін.
TASK FORCE материалдарды қарайды және уәкілетті орталық мемлекеттік органға және АХҚО-ға жолдайды.
Мерзімі: 7 жұмыс күніне дейін.
Салалық қорытындыны орталық мемлекеттік орган ұсынады.
Мерзімі: 10 жұмыс күніне дейін (қажет болған жағдайда пысықтау – қосымша 5 жұмыс күніне дейін).
Инвестициялар туралы келісім жобасын әзірлеу (Келісімнің негізгі шарттарын дайындау).
Мерзімі: 5 жұмыс күніне дейін.
Мәселені Инвестициялық штабта қарау.
Мерзімі: 28 жұмыс күніне дейін.
Республикалық бюджет комиссиясында қарау (егер келісім бюджет кірістерінің қысқаруына немесе шығыстарының ұлғаюына және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражатының ұлғаюына әкеп соқтырса).
Мерзімі: РБК рәсімдері шеңберінде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын әзірлеу және қабылдау, Инвестициялар туралы келісімге қол қою.
Мерзімі: 5 жұмыс күніне дейін.
Жалпы рәсім мерзімі: 2,5 айға дейін (инвестордың кінәсінен болған тоқтата тұруларды есептемегенде). Мерзімдердің сақталуына Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қадағалау жүргізеді.



