ЖЕРГІЛІКТЕНДІРУ БАҒЫТЫНДА: АЛМАТЫДА ЗАМАНАУИ ЛИФТ ШЕШІМДЕРІН ӨНДІРУ МҮМКІНДІГІ ҚАРАСТЫРЫЛУДА
Біз лифттерге олар дұрыс жұмыс істеп тұрған кезде сирек көңіл бөлеміз. Алайда дәл осы күнделікті байқала бермейтін сенімділік қалалық инфрақұрылым сапасының және мегаполистің технологиялық даму деңгейінің көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Бүгінде лифт саласы — бұл тек қабаттар арасында қозғалысты қамтамасыз ететін жабдық емес. Бұл заманауи қалалық экожүйенің бір бөлігіне айналып отырған инженерлік шешімдер, цифрлық технологиялар, қауіпсіздік жүйелері, энергия тиімділігі және интеллектуалды басқару технологияларының үйлесімі.
Инвестициялар тарту бағытындағы жұмыс аясында Almaty Invest лифт технологиялары және тік көлік шешімдері саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың бірімен жұмыс кездесуін өткізді.
Бұл жобаның ерекшелігі — заманауи лифт өнімдерін жеткізу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар Алматы қаласында жергілікті өндірістік әлеуетті қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруында. Мұндай ынтымақтастық форматы озық технологияларды тартуға, жаңа құзыреттерді дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанда өнеркәсіптік өндірістің жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Алматы сапалы қалалық инфрақұрылымға деген сұранысы артып келе жатқан заманауи мегаполис ретінде қарқынды дамып келеді. Қолданыстағы лифт қорын жаңарту, жаңа тұрғын және коммерциялық нысандарды дамыту, сондай-ақ «ақылды қала» шешімдерін енгізу халықаралық технологиялық серіктестік үшін елеулі мүмкіндіктер ашады.
Almaty Invest қалада жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, технологияларды жергіліктендіру және өнеркәсіптік базаны дамыту арқылы ұзақ мерзімді экономикалық құндылық қалыптастыра алатын стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.



