ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ КОМПАНИЯЛАРЫ АЛМАТЫДА ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІН ЗЕРДЕЛЕУДЕ
Әрбір халықаралық кездесу – ынтымақтастықтың жаңа парағын ашуға мүмкіндік. Себебі дәл осындай келіссөздер барысында уақыт өте келе нақты инвестициялық жобаларға айналып, қалалардың дамуына серпін беретін идеялар мен бастамалар дүниеге келеді.
Бүгін дәл осындай мазмұнды кездесу Almaty Invest алаңында Қытайдың жария компаниялар қауымдастығының (China Association for Public Companies) Президенті Сун Чжипин бастаған қытайлық бизнес өкілдерінің делегациясымен өтті.
Делегация құрамында құрылыс, өнеркәсіп, энергетика, экология, цифрлық технологиялар және заманауи құрылыс материалдарын өндіру салаларында жұмыс істейтін 30-ға жуық компанияның өкілдері болды.
Almaty Invest командасы Алматы қаласының инвестициялық әлеуетін таныстырып, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу тетіктері және қалада өндірістерді оқшаулау мүмкіндіктері туралы баяндады.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылап, тәжірибе алмасты және экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Осындай әрбір кездесу – жаңа серіктестіктерге, заманауи технологияларға және Алматының тұрақты дамуына ықпал ететін, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын инвестицияларға бастар маңызды қадам.



