ТЯНЬ-ШАНЬ ФОРУМЫ: АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ РЕТІНДЕГІ ҰСТАНЫМЫН НЫҒАЙТУДА
Инвестициялар сенім бар жерде пайда болады. Бүгінде қалалар жаңа халықаралық серіктестіктер қалыптасып, болашақ экономиканы айқындайтын шешімдер қабылданатын алаңға айналу құқығы үшін бәсекелесуде. Дәл осындай алаңдарда жаңа идеялар туындап, іскерлік байланыстар нығаяды.
Тянь-Шань форумы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Almaty Invest және Kazakh Invest өкілдерінің жұмыс кездесуінің негізгі тақырыбына айналды.
Тянь-Шань форумы — мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының және бизнес өкілдерінің басын қосатын Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық (ОАӨЭЫ, ЦАРЭС) институтының халықаралық алаңы. ЦАРЭС Әзербайжан, Ауғанстан, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіріп, өңірлік интеграцияны дамытуға және бірлескен экономикалық бастамаларды іске асыруға жағдай жасайды.
Алматы үшін Тянь-Шань форумына дайындықтың стратегиялық маңызы зор. Бүгінде қала халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен инвестиция тартуға арналған сенімді алаң ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, Орталық Азияның жетекші инвестициялық, қаржылық және іскерлік орталығы ретіндегі позициясын күшейтіп келеді.
Кездесу барысында айтылған ақпаратқа сәйкес, форумды өткізу алдын ала 2026 жылдың күзгі кезеңіне жоспарланып отыр.



