АЛМАТЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БЕЙЖІҢГЕ ІСКЕРЛІК САПАРЫ
Алматы қаласының әкімі тапсырмасы бойынша Almaty Invest басшылығының Бейжің қаласына жұмыс сапары өтті. Сапардың мақсаты – инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, іскерлік байланыстарды нығайту және Алматы қаласында жобаларды жүзеге асыруға халықаралық серіктестерді тарту.
Сапар аясында делегация Бейжің үкіметінің қатысуымен құрылған технологиялық инновацияларды қолдау жөніндегі ірі платформа – ZGC Group басшылығымен кездесу өткізді. Компания инновациялық экожүйелерді дамыту, технологиялар экспортын қолдау және халықаралық технологиялық ынтымақтастық саласында айтарлықтай тәжірибеге ие. Кездесу барысында тараптар инновацияларды дамыту, технологиялық компанияларды тарту және Алматы мен Бейжіңнің инновациялық экожүйелері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Келесі кездесу Bank of Beijing басшылығымен өтті. Келіссөздер барысында тараптар қаржылық ынтымақтастық перспективаларын, инвестициялық жобаларды қолдау тетіктерін, сондай-ақ банктің Алматы қаласында жүзеге асырылатын бастамаларды қаржыландыруға қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ делегация ірі инженерлік-құрылыс компаниясы – CRCC Harbour & Channel Engineering Bureau Group Co., Ltd. басшылығымен келіссөздер жүргізді. Компания ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға маманданған. Тараптар компанияның қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Бұдан бөлек, делегация TusHoldings компаниясының нысанын аралады. Бұл – технологиялық парктерді, ғылыми-зерттеу орталықтарын дамытуға және стартап-экожүйелерді қолдауға маманданған халықаралық инновациялық платформа. Сапар барысында делегация компания инфрақұрылымымен және ұсынылған технологиялық әзірлемелермен, соның ішінде робототехника, жасанды интеллект және өндірістік процестерді автоматтандыру салаларындағы шешімдермен танысты.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық және технологиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді.



