• Басты
  • Жаңалықтар
  • АЛМАТЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХАБЫНА АЙНАЛУ ЖОЛЫНДА

АЛМАТЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХАБЫНА АЙНАЛУ ЖОЛЫНДА

29 июня 2026
АЛМАТЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХАБЫНА АЙНАЛУ ЖОЛЫНДА

Инвестициялар тарту жұмысы аясында Almaty Invest қытайлық Guolian Shares (Beijing United Information Technology Co., Ltd.) компаниясымен бірлесіп өнеркәсіптік сауда, логистика және жеткізу тізбегін басқаруға арналған заманауи цифрлық платформаны құру жобасын пысықтауда.
Жобаның негізгі мақсаты – жеткізу тізбегін барынша ашық, жылдам әрі тиімді ету.
Мәселен, зауыт өз өнімін көптеген делдалдарды айналып өтіп, тікелей сатып алушыға сата алады. Бұл жеткізу мерзімін қысқартып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және сатып алу процесінің толық ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Платформа ең алдымен зауыттар мен өндірушілерге бағытталған. Олар өз өнімдерін артық делдалдарсыз тікелей өткізе алады. Сонымен қатар, платформаға қатысудың міндетті шарттарының бірі – өндірілетін өнім сапасының расталуы. Платформаға орналастырылатын өндірушілер белгіленген талаптарға, оның ішінде қажетті сапа сертификаттары мен өзге де рұқсат беру құжаттарының болуына сәйкес келуі тиіс. Мұндай тәсіл сенімді жеткізушілер экожүйесін қалыптастырып, сатып алушылардың өнімге деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Платформа әрбір тауар партиясының өндірушіден бастап түпкілікті сатып алушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларының көмегімен жүйе өнім сапасын талдап, жеткізушілердің рейтингін қалыптастырады, адал емес нарық қатысушыларын анықтайды және ақаулы өнім жеткізу тәуекелін айтарлықтай төмендетеді.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – заманауи логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру. Жоба аясында озық цифрлық шешімдерді қолдана отырып, шамамен 20 гектар аумақта «А» санатындағы жоғары технологиялық логистикалық хаб салу көзделіп отыр. Ол өңірдегі ең ірі логистикалық кешендердің біріне айналып, тауарларды өңдеу мен жеткізу үдерісін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Болашақта Алматы Орталық Азиядағы негізгі логистикалық және цифрлық орталықтардың біріне айналуы мүмкін.

Сонымен қатар, жоба деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО), жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымын, бұлтты сервистерді және басқа да жоғары технологиялық шешімдерді дамытуға бағытталған. Бұл Алматының өңірдегі жетекші IT-хабтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға маңызды қадам болмақ.
Guolian Shares компаниясының мәліметінше, аталған платформаны енгізу қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетуде: еңбек өнімділігі 57%-дан астамға артып, жабдықтардың тиімділігі 33%-ға өскен, жеткізу мерзімі 30%-ға қысқарған, энергия тұтыну шамамен 17%-ға төмендеген, сондай-ақ логистикалық және операциялық шығындар едәуір азайған. Бұдан бөлек, Қытайдағы жекелеген өндірістік алаңдарда осындай шешімдерді қолдану нәтижесінде ақаулы өнім деңгейін 100%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілген.
Бүгін Almaty Invest басшылығы цифрлық платформаны тестілеудің соңғы кезеңінің барысымен танысты. Компания өкілдері жүйенің жұмысын, оның негізгі функцияларын және 2026 жылғы шілде айына жоспарланған іске қосуға дайын екенін көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Біз лифттерге олар дұрыс жұмыс істеп тұрған кезде сирек көңіл бөлеміз. Алайда дәл осы күнделікті байқала бермейтін сенімділік қалалық инфрақұрылым…

23 шілде 2026

Инвестициялар сенім бар жерде пайда болады. Бүгінде қалалар жаңа халықаралық серіктестіктер қалыптасып, болашақ экономиканы айқындайтын шешімдер қабылданатын алаңға айналу құқығы…

22 шілде 2026

Болашақ өздігінен келмейді. Оны бүгіннен бастап ертеңнің технологиялары туралы келісімге келіп жатқан жандар қалыптастырады. Сондықтан да Шанхайда Қазақстан Республикасының Президенті…

16 шілде 2026