ALMATY DOWNTOWN – АЛМАТЫНЫҢ ЖАҢА ІСКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІК ОРТАЛЫҒЫ БОЛАДЫ
Инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыстың аясында Almaty Invest қытайлық Beijing Fuxing Yihua Technology Co., Ltd. компаниясының жобаларын сүйемелдеуді жалғастырып, инвестормен бірлесіп оларды іске асыру тетіктерін пысықтап, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде.
Кезекті жұмыс кездесуі барысында тараптар жүзеге асырылып жатқан бастамалардың ағымдағы мәртебесін, оларды іске асырудың келесі кезеңдерін талқылап, болашақ Almaty Downtown аумағындағы Сайран ауданында орналасатын mixed-use форматындағы көпфункционалды кешен құрылысы жобасына ерекше назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, Beijing Fuxing Yihua Technology Co., Ltd. компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандум 2026 жылғы сәуірде Алматы қаласының әкімі мен Шанхай қаласының мэрі қатысқан «Алматы – Шанхай» форумы аясында қол қойылған болатын. Осы уақыттан бері компанияның жобалары Almaty Invest тарапынан тұрақты сүйемелдеуде.
Іске асырылып жатқан жобалардың бірі – Алматы индустриялық аймағында металлургиялық инженерлік зертхананы құру. Зертхана минералдық шикізатты талдауға, байыту сынақтарын жүргізуге және металлургиялық процестерді әзірлеуге маманданатын болады.
Ынтымақтастықтың тағы бір перспективалы бағыты – Сайран ауданындағы болашақ Almaty Downtown аумағында mixed-use форматындағы көпфункционалды кешен салу жобасы. Жоба аясында бес жұлдызды қонақүй, бизнес-орталықтар және сауда кешенін салу көзделген. Инвестиция көлемі шамамен 50–100 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Болашақта Almaty Downtown Алматының іскерлік және қоғамдық белсенділігінің негізгі орталықтарының біріне айналып, Сайран аумағының кешенді дамуына және заманауи қалалық ортаның қалыптасуына серпін береді деп күтілуде.



