ALMATY INVEST МАЛАЙЗИЯЛЫҚ SARAFIAH GROUP КОМПАНИЯСЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА
Супермаркет сөресіндегі кәдімгі күнбағыс майының бөтелкесін елестетіп көріңіз. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл өнімнің артында тұтас өндірістік тізбек жатыр: май бір елде өндіріліп, басқа елде бөтелкеге құйылып, ал қаптамасы үшінші мемлекетте дайындалуы мүмкін. Бүгінде әлемдік азық-түлік өнеркәсібі дәл осындай қағидатпен жұмыс істейді.
Дәл осындай инвестициялық жобаны Almaty Invest пен Kazakh Invest Малайзияның агроөнеркәсіп өнімдерін өндіру және халықаралық сауда саласындағы ірі компанияларының бірі — Sarafiah Group өкілдерімен талқылады. Компания Алматыда өсімдік майларын құю және қаптау бойынша заманауи өндіріс орнын құрып, кейіннен өңдеу қуаттарын кеңейту мүмкіндігін қарастыруда.
Жоба экспортқа бағытталған және заманауи өндірістік кешен салуды, қаптама өндірісін жергіліктендіруді, сондай-ақ дайын өнімді шетел нарықтарына шығаруды көздейді.
Кездесу барысында тараптар Алматының инвестициялық әлеуетін, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын, өндірісті орналастыруға арналған ықтимал алаңдарды, қаланың логистикалық артықшылықтарын, өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін және жобаны іске асыру перспективаларын талқылады.
Мұндай жобалар инвестиция тартумен ғана шектелмей, жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға, дайын өнім экспортын ұлғайтуға және Алматының өңірдегі жетекші іскерлік әрі өндірістік орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.



